01 қыр, 2018 сағат 11:10

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейге барды

Білім күні Елбасы Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейге барды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Катар Мемлекетінің даму қорының қолдауымен салынған №85 жаңа мектеп-лицейдің оқу кабинеттерін аралап көріп, оның материалдық-техникалық базасымен танысты, сондай-ақ оқушылармен әңгімелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде еліміздің барша оқушыларын, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, осы салтанатты іс-шараның елордада бой көтерген жаңа оқу ордасының қабырғасында өтуінің символдық мәні бар екенін айтты.

– Бүгінде республика бойынша 181 мектеп салынып жатыр. 23 мектептің құрылысы аяқталып, алғашқы оқушыларын қабылдады. Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам мектеп 3 миллион оқушыға есік ашты. Соның 350 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы XXI ғасырдағы жоғары технологиялық әлемде ілім-білім инновацияның кілті және Қазақстан дамуының басты ресурсы саналатынын айтып, мемлекетіміз білім беру саласына зор мән беріп отырғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу қажеттілігін атап өтіп, оқушылардың қазіргі жағдайда алған білімдері мен машықтарын тәжірибеде қолдана алуға тиіс екеніне назар аударды. Бұл педагогтің біліктілігі мен кәсібилігінің жоғары деңгейде болуын талап етеді.

– Мемлекет педагогтарды даярлау, білім саласындағы еңбекақы жүйесін жетілдіру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы оқу жылынан бастап аттестациядан өткен мұғалімдердің жалақысы жаңа жүйе бойынша 30-50 пайызға артады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технология дәуірі мен Қазақстанның үшінші жаңғыруының талаптары балаларға сапалы білім беріп, олардың талдау және креативті даму қабілетін қалыптастыру үшін жаңа міндеттер қоятынын атап өтіп, оқушылардың ақпараттық технология мен шет тілдерін еркін меңгеруі қажет екеніне назар аударды.

***

1200 орынға арналған білім мекемесінде 48 кабинет бар. Жаратылыстану-математика бағытындағы №85 мектеп-лицейдің оқыту процесі мемлекеттік білім стандартының талаптарына сай инновациялық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.