19 сәу, 2023 сағат 12:29

Мемлекет басшысы 2050 - Стратегиясын жаңартуды тапсырды

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Қағазбастылық керек емес.

Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет. Онда еліміздің орта мерзімге арналған мақсат-міндеттері нақты белгіленуге тиіс.

Бұл құжат мемлекетімізді дамытуға қатысты барлық мәселені қамтуы қажет. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек. Оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «Аманат» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн. Басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән берген абзал» - деді Мемлекет басшысы.