27 қар, 2020 сағат 09:45

Мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесе береді - Қырымбек Көшербаев

Мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесе береді. Бұл туралы «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қазақстан азаматтары емін-еркін қауымдастықтарға біріге алуына жан-жақты қолдау көрсете беретін боламыз және мұны негіз қалаушы конституциялық құқығы ретінде қарастырамыз. Ол Қазақстанның саяси жаңғыруының және ілгері қарыштайтын қоғамдық прогресінің маңызды шарты саналады. Сондықтан біз бүгіннен-ақ заңнамамызды өзгертіп, қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғамдық бақылаудың, еріктілердің қызметін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобаларын әзірлейміз. Мемлекеттік органдардың есептілігі, бақыланылатындығы және ашықтығы тетіктерін жетілдіретін боламыз. Бұл мемлекеттік саясаттың векторы, Қазақстанның жаңғыруының іргетасы саналады», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Қырымбек Көшербаевтың атап өтуінше, мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға, сонымен қатар партиялардың, кәсіподақтардыңжәне бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне, ергілікті өзін өзі басқаруға, еркін және әділ сайлау өткізуге, азаматтардың бейбіт жиналыстар ұйымдастыру құқығын жүзеге асыруға қатысты заңнаманы жетілдіру арқылы саяси трансформация мен жаңғыруға жәрдем беретін болады.