07 ақп, 2019 сағат 15:20

Мемқызметкердің қарапайым азаматтармен сөйлесу ережесі дайындалмақ

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің қарапайым азаматтармен телефон арқылы сөйлесу ережесі дайындалады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлім етті. Алдымен ол мемлекеттік қызметтің беделін өсіретін кез жеткенін атап өтті.

«Менің ойымша, мемлекеттік қызметке «абырой» түсінігін енгізетін кез жетті. Мемлекеттік қызметкер сүттен ақ, судан таза болып қана қоймай, адамдарға адамшергілікпен қарауы тиіс. Ол отбасына қалай қараса, барлығына да солай қарауы шарт. Сол кезде мемлекеттік қызметке деген сенім артып, оның абырой күшейеді», - деді төраға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылды қорытындылауға арналған отырысында.

Осы орайда Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа ереже дайындалатынын жеткізді.

«Егер театр киім ілгіштен басталса, азаматтармен қарым-қатынас телефон трубкасын көтеруден басталады. Мемлекеттік қызметкер кейбір жағдайда телефон трубкасын көтеріп, немқұрайлылықпен сөйлеседі. Осы жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік қызметкерлердің коммуникативті құзыретін дайындап, оны алдағы уақытта мемлекеттік органдарға жібереміз. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің азаматтармен сөйлесу ережесі дайындалады», - деді ол.

Сөз соңында төраға азаматтардың дәстүрлі түрде хабарласу формасының орнына Facebook, Telegram, WhatsApp сынды заманауи байланыс құралдары пайдалану маңызды екенін жеткізді.