Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Германия Федеративтік Республикасы Парламенті Бундестагінің депутаты Сибилле Пфайфермен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгімелесу барысында Г.Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын қарсы алуға дайындалып жатқанын атап өтті. Тарихи өлшеммен алғанда, еліміз қысқа мерзім ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізді және бүгінгі таңда Қазақстанның алдында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсаты тұр. Осы міндетке қол жеткізу үшін Қазақстан Президенті Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарын ұсынды.
Мемлекеттік хатшы Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі екенін айтты. Келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзара іс-қимыл жөнінде бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Тараптар қазіргі сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың даму қарқыны қанағаттанарлық екенін атап өтті. Қазақстан мен ГФР арасындағы тауар айналымы 2016 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 1,2 млрд доллар болды. Қазіргі уақытта Қазақстан жағы мен LANXESS, GEA, BASF, DACHSER, BAYWA сияқты жетекші неміс компаниялары құрылыс, химия, фармацевтика, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, металлургия және көлік-логистика саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөздер жүргізуде.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, кездесу барысында әйелдерді жан-жақты қолдау және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік хатшы Бундестаг депутатына Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық жөнінде мәлімдеді. Г.Әбдіқалықова 2017 жылғы 12 шілдеде Қазақстанның ГФР-ден келетін, Германияның ұлттық павильонының ашылуына қатысатын мәртебелі меймандарды күтетінін айтты.
Соңында Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Германия арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал еткені үшін С.Пфайферге ризашылығын білдірді.