29 мау, 2021 сағат 15:30

Мектептердің тең жартысында бақылау камералары стандартқа сай емес - Тұрғымбаев


ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан мектептерінің қауіпсіздігін тексеру нәтижелерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Татарстандағы қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектептер қайта тексерілді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер табылды: мектептер 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бірақ оның жартысы (45,5%) стандартқа сай келмейді. Жұмыс істемейтін, тоққа қосылмаған және барлық аумақты қамтымаған камералар бар. Мұндай кемшіліктер Қарағанды облысында көп тіркелген. 505 мектептің 84% тиісті бейнекамера орнатылмаған. Түркістан облысындағы 889 мектептің 70% бейнекамералар техникалық параметрге сай емес», - деді Е. Тұрғымбаев Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, бейнекамералар мектепке кіретін және шығатын есікте, әр қабатта және аулада тұруы керек. Одан бөлек камералардың барлығы Жедел басқару орталығына қосылмаған. Республика бойынша бұл орталыққа тек 1085 мектеп қосылған. Мұндай проблемалар Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында бар.

«Мектептердің 30 пайызында ғана дыбыстық және сигналдық хабарлау жүйесі бар. Бұл жүйелер Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында жоқ. Сонымен қатар дабыл кнопкаларын барлық мектептерге енгізу қажет. Бұл балаларды қауіпсіз жерге көшіріп, дабыл беру үшін қажет. Бірақ бұндай дабыл кнопкалары мектептердің тек 9% бар. Және олар күзет ұйымдарына қосылуы тиіс. Ал кіруді бақылау және басқару пульті мектептердің 5%, турникеттер – 4% бар. Бұл жүйеге қосылған мектептерде электронды карталар арқылы балалардың кіріп-шыққанын бақылауға болады. Сонымен қатар, ата-аналарына СМС жіберіледі. Қазір Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында осындай мектептер бар», - деді министр.