Білім беру саласындағы қызметті нығайту мақсатында «Ел Үміті» бастамасын іске асыру аясында Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры 2020 жылдың шілде айында балалар мен жастарға арналған «Елбасы медалі» жаңа жобасын іске қосқан болатын. Білім беру басқармаларының ұйымдастыруымен аталған бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысып, нұр-сұлтандық және ақмолалық оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Осылайша Нұр-Сұлтанда «Елбасы медалі» жобасына қатысқан нұр-сұлтандық 28 оқушы мен ақмолалық 41 оқушы марапатталды. Балаларды және жастарды дамыту диагностикалау орталығының басшысы Гүлім Жүсіпованың айтуынша, былтырдан бастап 11 мың бала «Елбасы медалі» жобасына қатысқан. Мұнда әр балаға жеті бағытта тапсырмалар беріледі: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Әр қатысушыға арнайы тәлімгер белгіленеді. Олар тапсырмаларды балалардың тұлғалық ерекшеліктеріне сай беріп отырады. Барлығы республика бойынша 11 мың қатысушыға 600-ден аса тәлімгер белгіленген. Тапсырмалардың орындалуы телефон арқылы қадағаланған.
«Жастар – ел болашағы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарымыз ғылыммен айналысса, біздің болашағымыз зор болмақ деген болатын. «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бүгін осы жерде отырып, сіздер мақсаттарыңызға жету жолында аянбайтындықтарыңызды дәлелдедіңіздер. Сіздерге зор денсаулық пен сәттілік тілеймін. Тек алға ұмтылып, арман қуыңыздар. Әр адам 6 ай бойы бір бағытта жұмыс жасай берсе, ақырында ол әдетке айналады. Біздің мақсатымыз осы», - деді Балаларды және жастарды дамыту диагностикалау орталығының басшысы Гүлім Жүсіпова.
Айта кетейік, «Елбасы медалі» жобасының қола деңгейіне 14 жастап бастап қатысуға болады, бұл деңгейде тапсырмалар 6 айға алынады. Күміс деңгейге 15 жастап бастап қатысып, 12 айға тапсырмалар алуға болады. Ал алтын медаль алу үшін тапсырмалар 18 айға беріледі. Бұл деңгейде қатысушылар жасы 16-дан басталады.
Сонымен қатар, Наурыз мейрамы қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев білім сайыстарында жоғары нәтижеге қол жеткізген дарынды балаларды «Елбасы медалі» қола наградасымен марапаттады. Белгілі болғанындай, Ақмола облыстық мәслихаты сессиясының 2020 жылғы 10 маусымдағы шешімі бойынша «Елбасы медалі» бағдарламасын іске асыруға 40 миллион теңге бөлінді. 2021 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 69 миллион 888 мың теңге бөлініп отыр.
Марапатқа ие болған жастардың бірі - Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Әбділда Алтынбек. Ол «Елбасы медалі» жобасына өтінімдерді қабылдау кезеңінің басталғанын ғаламтор арқылы Назарбаев қорының парақшасынан білген екен.
«Жоба аясында алты айдың ішінде берілген тапсырмаларды орындап, бүгін марапатқа ие болдым. Сөйтіп, кітап оқу бағыты бойынша Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», әлем классиктері қатарынан Пушкиннің «Евгений Онегинін» оқып шықтым. «Дарын мен дағды» бағыты бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абайдың басты партиясын, Евгений Бусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан бас кейіпкер Бекежанның партияларын жаттадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта жобаның күміс деңгейіне қатысатын ойым бар», - дейді қола медаль иегері Әбділда Алтынбек.
Айта кетейік, Барлығы республика бойынша 3335 қатысушы қола деңгейіндегі «Елбасы медалі» иегері атанды. «Елбасы медалі» - Елбасының бақылауымен атқарылатын талантты және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу жөніндегі бірегей жоба. Жоба 14-29 жас аралығындағы жастарды тәрбиелеуге бағытталған және 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдай алады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздейді. Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы қатысуда. Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында барлық өңірлердегі 300 жобаға қатысушы қола медальмен марапатталды.
Жыл бойы өтетін «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасуда. Келесі финалистер 2021 жылдың желтоқсанында белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру саласындағы қызметті нығайту мақсатында «Ел Үміті» бастамасын іске асыру аясында Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры 2020 жылдың шілде айында балалар мен жастарға арналған «Елбасы медалі» жаңа жобасын іске қосқан болатын. Білім беру басқармаларының ұйымдастыруымен аталған бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысып, нұр-сұлтандық және ақмолалық оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталған болатын.