07 там, 2018 сағат 10:46

Мектеп мұғалiмдерi ҰБТ процесiнен босатылуы мүмкiн – министр

Бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев министрлiкке ұстаздар мен ата-аналардан келiп жатқан ұсыныстарды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бізге педагогтар мен ата-аналардың тарапынан жыл бойы ұсыныстар түсіп жатады. Оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бірдей функцияны атқарған соң, осы екі тестілеуді бірге өткізуге қатысты ұсыныс бар. Екінші, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату. Үшінші, мектеп балаларын ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама, "пробный" тесттерін өткізбеу. Төртінші, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне - қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау және тағы бірнеше ұсыныс бар",- деді Е.Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, барлық ұсыныстар Тамыз конференциясында кеңінен талқыланады. Соның негізінде тиісті шешімдер қабылданады.

Айта кетейік, отырыс барысында министр жаңартылған мазмұндағы білім беру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жоспар бойынша биыл бірқатар сыныптар білімнің жаңартылған мазмұнына көшетін болады. "Өткен жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алуда. Осы 2018-ші оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім ала бастайды. Оларға арналған оқулықтар дайын. Барлығы сараптамадан өтті, басылды. Оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмысы басталып кетті", - деді Е.Сағадиев.