27 қыр, 2016 сағат 13:34

Мектеп медицинасын басқа министрлікке ауыстырғаннан кейін қандай өзгерістер болады? – Т.Дүйсенованың жауабы

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мектеп медицинасын құзіретті орган – денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне ауыстыруды көздейтін заң жобасын таныстырды. Бүгінде аталған жүйе білім және ғылым министрлігіне қарайды. Министрдің айтуынша, 2018 жылдан бастап мемлекет балалар үшін тиісті жарналарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлейтін болады. Сондықтан мектеп медицинасын құзіретті министрліктің қарауына ауыстыру қажет, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Балалар қолданатын барлық медициналық қызметтердің ақысы арнайы қордан төленеді. Қазіргі кезде аталған жұмыс білім беру жүйесі есебінен жүргізіледі. Мектеп медицинасын құзіретті мекемеге ауыстыру аясында бірқатар құрылымдық өзгерістер болады. Атап айтқанда, барлық медициналық бөлімшелер жергілікті поликлиникаларға қарайды. Сол жерде істейтін қызметкерлер штатқа ауыстырылады», - дейді Т.Дүйсенова.

Министрдің сөзіне қарағанда, барлық профилактикалық тексерістерді поликлиника қызметкерлері өткізеді. Сол кезде мектеп оқушылары темекі, алкоголь мен есірткі заттарын пайдалану бойынша арнайы тесттерді тапсырады.

Үкімет мүшелері аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Аталған құжаттың аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тағы жарты жылға шегеру көзделген.