Оқу жылының үшінші тоқсаны 20 наурызға дейін жалғасады. Бұған дейін бастауыш және бесінші сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініштері бойынша кезекші сыныптарда күндізгі оқу үшін жағдай жасалған болатын. Ендігі кезекте мектеп бітіруші сыныптарға қатысты дербес шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі Telegram каналында.
Мектеп бітіруші сыныптардағы оқу пәндерінің 70%-ы міндетті түрде дәстүрлі форматта, ал қалған 30%-қашықтан оқытылатын болады. Мектептерде икемделген сабақ кестелері жасалады. Кезекші сыныптардағы оқушылардың саны бұрынғыдай 15 адамнан аспауы қажет (мәселен, егер сыныпта 25 оқушы болса, онда сынып екі топқа бөлінеді).
«Мектеп бітіруші сынып оқушыларының ата-аналары балаларының дәстүрлі форматта оқуына рұқсат беруді сұраған болатын. Бұл мәселені жергілікті жерлердегі бас санитарлық дәрігерлер реттейді. Бірақ мектеп бітіруші сыныптардағы оқушылар негізгі пәндерді міндетті түрде мектеп қабырғасында оқулары тиіс. Қандай пәндер дәстүрлі форматта оқылады, ал қайсысы қашықтан жүргізілетінін әр мектептің әкімшілігі өзі шешеді. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымына әдістемелік ұсынымдар жолданды. Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші сынып оқушыларының саны 440 мыңнан асатынын атап өткім келеді» , - деді ҚР Мектепке дейінгі білім және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.