Шәкәрім мен Абайдың философиялық лирикасы қайтадан ашылуы керек. Абай Құнанбайұлының 174 жылдығына орай елордада өткен рахуни-тағылымдық іс-шарада белгілі абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Абайды әр кезде ұлықтап жатамыз. Ұлықтау – дұрыс. Бірақ, мәніне жетіп ұлықтауымыз керек. Абайдың рухани әлемі мен пәлсапалық лирикасына Еуропа да, Шығыс та жете алмаған. Шәкәрім мен Абайдың философиялық лирикасы қайтадан ашылуы керек. Бұл – бір. Заман өзгерді. Дүниетаным өзгерді. Біз енді ұлы санаға қарай жол тарттық. Ендігі таным ұлы санаға қарай кетеді. Оны бұрынғы бабаларымыз әлдеқашан білген, кейінгі өмір опан-топан болған кезде оларды шайып кетті де, қайтадан осы жолға оралуға мәжбүр болып отырмыз. Абайдан қалған бір мұра бар: Абайда «Толық адам» ілімі деген бар. «Толық адам» ілімін меңгерген адам өзін-өзі рухани тазалайды. Қазір осы ілім Қазақстандағы 8 университетте оқытылып жатыр. Соның монографиясын жазып бітірдім. Ол толық жарияланды. Енді бүкіл қазақ жастарын Абайдың әлемімен тазарту мәселесі алдымызға қойылып отыр. Оның оқулығы даяр болды», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 174 жыл толуына орай елордада «Абай әлемі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өткен болатын. Онда елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, абайтанушылар мен қала әкімдігінің өкілдері бас қосты.