01 қар, 2018 сағат 22:23

Медведев: Біздің тұрақты байланыста болуымыз аса маңызды

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевті қабылдады. Одан соң Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ресейлік әріптесімен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратprimeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, интеграциялық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету мен арттыру бойынша екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардың ауқымды мәселелері талқыланды. Отын-энергетикалық, көлік-транзиттік, әскери-өнеркәсіптік кешендер саласындағы қазіргі және келешек жобалар, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты мәселелер қарастырылды.

Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Ресейдің үнемі өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ұстанатынын атап өтті. Бұл тұрғыдан үнемі тығыз байланыс жасап, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша тұрақты диалог жүргізетін екі мемлекеттің Басшыларының үлгісі айтарлық.  

«Ресми сапардың форматы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін тыңғылықты түрде талқылауға мүмкіндік береді. Біздің кездесуіміздің қорытындысы Қазақстан–Ресей ынтымақтастығына қосымша серпін беретініне, біздің қолдауымызды қажет ететін мәселелерді шешіп, орта мерзімді кезеңге арналған перспективалық жоспарларды айқындайтынына сенімдімін», — деді Премьер-Министр Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде, Д. Медведев шақырылғаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Ресей Федерациясының екіжақты қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде тұрғанын атап өтті.

«Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен әңгімелесу барысында біз екі елдің қарым-қатынасы туралы ұзақ тілдесуге болатынын, одан да: қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде, біз стратегиялық серіктестерміз деп қысқа нақтылауға болатынын айтқан едік. Бұған қоса, екі мемлекет алдында ауқымды міндеттер тұр. Біздің тұрақты байланыста болуымыз аса маңызды», — деді Д. Медведев.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының артқанын атап өтті. Бұл екіжақты өзара іс-қимылдың нәтижесін айғақтайды: екі ел өз экономикаларын дамытып жатыр және бұл екі ел азаматтарының қолайлы өміріне қосымша мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, тауар айналымының көлемін одан әрі ұлғайту үшін экспорттаушыларға барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету маңызды. Аталған бағытта Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — екі елдің экономикаларының ең қуатты қозғаушы күштерінің бірі бола алатын көлік-транзит саласы. Мұнда, кездесуге қатысушылардың пікірінше, сыртқы серіктестер үшін заманауи, сенімді, тұрақты, экономикалық тұрғыдан ақталған көлік дәлізін құру қажет. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе — Қытай–Қазақстан–Еуропа бағытында «Еуразия» жылдамдықты жүк және жолаушылар тасымалының транзиттік дәлізін құру мәселесі.

Жаңа көлік дәліздерін салу экономика өсіміне жағдай жасайды, өңірлерге қосымша мүмкіндіктер ашады, олардың инвестициялық тартымдылығын арттырады және екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ, инвесторларға теңдессіз жағдай жасалған «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жекешелендіру бағдарламасына назар аударып, ресейлік инвесторларды оған белсенді түрде қатысуға шақырды.

Екі елдің стратегиялық серіктестігінің басым бағыттарының қатарында — ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық бағыты бар. Байқоңыр қаласын дамытутың ұзақ мерзімді бағдарламасын және ынтымақтастықты жалғастыру тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері қозғалды. Екіжақты келісімдердің негізінде тараптар қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға кіріскені аталып өтті.

Үкіметтердің басшылары Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің XV Аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу мәселесіне баса назар аударды. Тақырыбы «Туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» болады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында $11,3 млрд құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға жоғары ($10,4 млрд). 2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстаннан Ресейге экспорт 13,3%-ға артып, $3,4 млрд құрады. Соңғы 13 жыл ішінде (2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін) Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $13,4 млрд құрады, РФ-ке қазақстандық тікелей инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $4 млрд құрады.

Қазақстанда ресейлік үлестің қатысуымен 9 мыңнан астам белсенді заңды тұлға бар. Қазіргі таңда химия, мұнай химиясы өнеркәсібі, АӨК, машина жасау, металлургия, туризм және жеңіл өнеркәсіп салаларында құны шамамен $4 млрд болатын бірқатар инвестициялық жобалар бойынша ресей тарапымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.