Мамыр айында түскен сақтандыру жарнасының көлемі 9,5 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі хабарлады.
«2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта Қорға 176,7 млрд теңге түсті. Аударымдар жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі. Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 95% немесе 167,9 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 5% жуығы немесе 8,8 млрд теңгені - жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде еңбек ететін санат аударған», - делінген баспасөз баянында.
Мәліметке қарағанда, аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.