19 шіл, 2021 сағат 16:35

Медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді әрі сапалы болуы керек –Тоқаев


Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен бала өлімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Мен медициналық көмектің қол жетімділігі төмендегенін текке айтып тұрған жоқпын. Бұл ана мен бала өлім-жітімінің, қан айналымы жүйесі ауруларынан және басқа да аурулардан болатын өлім-жітімнің өсуіне әсер етуде», - деді Президент.

Мемлекет басшысы медициналық мекемелердегі төсектерді COVID-19 инфециясына бейімдеудің әсерінен жоспарлы оталарды жүргізуге кететін қымбат уақыт ұрланып жатқанын айтты. 

«Салдарынан асқынған патологиясы бар пациенттердің саны артып, өлім-жітім көбейеді. Пандемия жағдайында медициналық көмектің барлық бағыттары бойынша медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық вакциналау күнтізбесі аясында екпені уақтылы жасау өте маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.