Медицина мамандығын оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Медицина қызметкерлерінің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге жеткізу үшін келесі іс-шаралар жоспарланған: білім беру қызметтерінің құнын қалыптастырудың жаңа әдістемесін енгізу, мемлекеттік білім беру гранттарын 40 пайызға ұлғайту, медициналық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру, медицина ЖОО-лары студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға көтеру», - деді Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар министр PhD докторларын дайындаудың жаңа бағдарламасын әзірлеп, енгізу, мейірбике қызметі қызметкерлерін мамандандыру қолға алынатындығын айтты.
«Отандық ғылымды дамыту үшін Open Access биомедициналық зерттеулер тізімін іске қосуды және «бірыңғай терезе» арқылы клиникалық зерттеулер жөніндегі үйлестіру орталығын құруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.