15 қаң, 2020 сағат 13:26

Мәжілісте жедел жәрдем қызметіне қатысты ел тұрғындарының ұсынысы айтылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов жедел жәрдем қызметіне қатысты ел тұрғындарының ұсынысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған мәселеге байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына депутаттық сауал жолданды.

«Біраз уақыттан бері «жедел жәрдем» қызметі орталықтандырылды. Бүгінде кез келген өтінім алдымен облыс орталығына жеткізіледі, сонда қабылданып, тіркелгеннен кейін ғана аудандағы «жедел жәрдем» қызметіне облыстан тапсырма беріледі. Сондай тапсырма алынбайынша «жедел жәрдем» ауыр науқасқа аттана алмайды. Мұның бүкіл облыстағы жағдайды бір уыста ұстап отыруға мүмкіндік беретініне, тапсырысты үйлестіруде өзіндік артықшылығы барлығына дау айта алмаспыз, бірақ уақыттан ұтылдыратынына, ал байланыс болмай немесе өтінім алуға тиісті адам орнынан табылмай қалған жағдайда қатерлі екендігіне күмән жоқ», - деп тоқталды С. Абдрахманов ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар сауалын жариялау барысында.

Оның айтуынша, сайлаушылар «жедел жәрдем» қызметін үйлестіруді бұрынғыдай аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің қарамағында қалдыруды ұсынады.