Депутаттың пікірінше, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу өте орынды ұсыныс, өйткені қоғам өмірінің маңызды салаларына қатысты мәселелерді жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешу халық билігінің ерекше көрінісі.
"Заң жобасында референдумға шығарылған бюллетеньдегі бірде-бір жауап көрсетілмеген мәселелерді жарамсыз деп тану нормалары енгізіледі. Ұсынылған жауаптардың барлық нұсқалары көрсетілген жарамды бюллетеньдерді тану. Алайда мұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде ескерілмейді. Бұдан басқа, дауыс берушінің бюллетеньге кез келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланады. Бұл норма, өз кезегінде, дауыс беру үдерісін жүзеге асыру барысында азаматтар үшін қолайлы жағдай жасайды", - деді Бекжанов.
Мәжілісмен атап өткендей, заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді және бюджет шығындарын талап етпейді.
"Бұл заң жобасы референдум туралы заңның мазмұнын өзгертпейді, яғни түзетулер нақтылаушы сипатқа ие. Мұны дұрыс түсіну керек. Осы заң жобасын мақұлдау және оны Сенатқа жіберу туралы ұсыныс түсті. Дауыс берулеріңізді сұраймын. 98 депутат қатысты. Шешім қабылданды", - деді Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов.
Еске салайық, 29 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.
Республикалық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекет тіршілігінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру.
Референдум бүкіл ел бойынша өткізіледі. Қазақстан тарихында екі рет референдум өткен. Біріншісі 1995 жылғы 29 сәуірде өтті және ел Президентінің өкілет мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты болды. 1995 жылғы 30 тамызда өткен екінші референдумның мәні Қазақстанның жаңа конституциясының жобасы болған еді.