24 қаң, 2024 сағат 15:57

Мәжіліс вейптерге тыйым салатын заңды қабылдады

Фото:depositphotos.com

Қазақстанда вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынды. Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Заң жобасында темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары қарастырылған. Оған сәйкес енді электрон тұтыну жүйелерін (вейп - ескерту) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, вейпке тыйым салу мәселесі үш жыл бойы қызу талқыланып келеді.

"Қазіргі кезге дейін бейресми ақпаратқа сүйенсек вейптердің таралуы 200 есе өскен. Олар қазір қаптап тұр, барахолкадан немесе кез келген дүкеннен балалар сатып ала береді. Сондай-ақ жуырда "Балалар қоры" атты қоғамдық ұйымның кішігірім әлеуметтік зерттеуі бойынша алматылық балалардың 80%-і, астаналық балалардың 83%-і вейп қолданады деген ақпарат шықты. Бұл - өте қауіпті үрдіс. Біз оған тоқтау салуымыз керек. Сол себепті біздің қазіргі бағытымыз – балаларды осындай қауіп-қатерден, денсаулығына зиян келтіретін індеттен сақтау. Позиция осы", - деп түсіндірді депутат Мәжіліс кулуарында.

Жаңа нормаға сәйкес, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Дәлірек айтқанда, вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар осы заң аясында медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады.