Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Аталған құжаттар 2022 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берілген тапсырманы іске асыру мақсатында әзірленді.
- Екінші оқылымға дайындық барысында жұмыс тобы барлық түскен ұсыныстар мен толықтыруларды, бірінші оқылымда қаралған мәселелерді жан-жақты талқылады. Негізгі заң жобасы 3 тарау мен 13 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында сәулет, қала құрылысы қызметін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген, - деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.
Аталған заңдар аясында:
- Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады;
- Түркістан қаласының аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қамтамасыз етіледі;
- орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері қайтадан қарастырылып, жаңа құзырет беріледі.
- Нәтижесінде, рухани, тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, қолөнершілерді қолдау, туризмді дамыту, қалада кедергісіз ортаны қалыптастыру және басқа да игі істер бойынша жұмыс қолға алынады, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласына заңмен ерекше мәртебе берілсе, шаһар аумағында жер үй салудың талаптары қалай өзгеретінін айтты.