Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жүргізушілер үшін медициналық комиссиядан өту рәсімін оңтайландыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатты талқылау барысында Н. Нығматулин жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық комиссиядан өту тәртібі жайында сұрады.
Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев комиссиядан өту кезінде 8 дәрігер-маманның тексеруі және 7 анализді тапсыру қамтылғанын жеткізді.
«Бұл рәсімдерді ескерсек, сіздер жүргізушіні емес, ғарышкерді іріктеп жатқандай көрінеді. Бүгінде мүлдем басқа жағдайлар жасалған ғой. Кейбір көрсеткіштер бойынша тестілеу өткізу жеткілікті болар, яғни көздің көруі, есту қабілеті секілді негізгі мамандар. Бұл жұмыстарды оңтайландырып, тиісті ұсыныстар енгізіңіздер», - деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар, Н. Нығматулин медициналық куәландыруды ұйымдастыру шараларына да тоқталды. Осы орайда ол бүгінде адамдар анализ тапсыру үшін ұзын-сонар кезекте тұратынын және бұл жерлерде тиісті жағдай жасалмағанын атап өтті.
Мәжіліс спикерінің пайымынша, бұл мәселені егжей-тегжейлі пысықтау керек. Бұл ретте дәрігерлік тексеру ережесін қайта қарастыру қажет болып тұр, себебі осы талаптар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары болмаған кезде бекітілген. Ол кезде автоматтандырылған қызметтердің, ақпараттық жүйелер интеграциясының тиісті деңгейі болмаған еді.
«Медициналық тексеру мен жүргізуші куәлігін алу үшін базаны құрған кезде осының барлығын ескеру керек. Адамдарға қолайлы жағдай жасау қажет. Қазіргі кезде бір кезектен екіншісіне баруға мәжбүр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе медициналық тексеруден өткізудің жаңа ережесін әзірлеңіздер. Ең бастысы, ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсарту керек», - деді Н. Нығматулин.