30 жел, 2020 сағат 08:37

Мәжіліс Сербиямен арадағы сауданы дамытуға арналған құжатты мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

Осы Келісім кедендік әкелу баждарын алып тастау және бірқатар тауарды бажсыз әкелуге квота беру арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сербия Республикасы арасындағы өзара сауданы жақсарту үшін жағдай жасауға бағытталған. 

«Қазірдің өзінде Қазақстан, Беларусь және Ресейде Сербия Республикасымен еркін сауда туралы екіжақты шарттар қолданылуда. Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстанның қосылуына байланысты 2015 жылы барлық бес мемлекетке бірыңғай сауда режимін орнату қажеттілігі туындады», - деп түсіндірді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, жаңа келісімде екі жақты бажсыз саудамен қарастырылған тауарлар тізбесі ұлғаяды. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері Сербияға ірімшік, алкогольдік ішімдіктер және темекі тауарларын бажсыз жеткізе алады. Бұрында бұл тауарларға импорттық баж салықтары салынған. 

«Еуразиялық экономикалық одақ елдері де сербиялық ірімшікке, темекіге, брендиге ішкі нарыққа қол жеткізу шарттарын жақсартты.

Сонымен қатар, ішкі нарықты қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ құс етін, қантты, маталарды, алкогольді ішімдіктерді, темекіні әкелуге, сондай-ақ компрессорлар мен моторлы көлік құралдары сияқты бірқатар өнеркәсіптік тауарларға импорттық баж салығын қолдануды сақтайды. Айтып өтетін тағы да бір жайт жаңа Келісімнің артықшылықтарының бірі – оны Дүниежүзілік Сауда Ұйымының негізгі нормаларымен толықтыруға қатысты. Атап айтқанда, келісімнің тараптары санитариялық және фитосанитариялық шараларды, техникалық реттеу шараларын қолдану жолымен өзара саудада артық кедергілер жасамайтын болады және зияткерлік меншік объектілерін қорғауға кепілдік беретін болады», - деді министр.

Келісім тараптары өзара саудада ұлттық режим және барынша қолайлы режим сияқты Дүниежүзілік Сауда Ұйымының негізгі қағидаттарын қолдануға міндетті болады. Осы Келісімді іске асыру Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілетін тауарларды өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазақстандық тауарлардың Сербияға экспортын ұлғайту әлеуеті 250 млн АҚШ долларын құрайды. Осы орайда мұнай-химия, химия, машина жасау, металлургия, құрылыс және азық-түлік тауарлары сияқты салалар ескерілген.