- Бүгін Парламент Мәжілісі «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федарациясы арасындағы Ембі полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Осы хаттаманың мақсаты Ембі сынақ полигонын пайдалану және жалға беру бойынша халықаралық шарттар қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ осы полигонның жер учаскелерін, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін қабылдау тұрғысында іс-шараларды белгіленген мерзімде жүргізу болып табылады. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жалпы отырыс барысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы қазан айының аяғында Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қазақстандағы Ембі полигонын жалға алу және пайдалану бойынша келісімді тоқтату туралы қазақстандық- ресейлік мемлекетаралық Хаттамаға қол қойған болатын.