27 ақп, 2025 сағат 12:47

Мәжіліс PR саласында қазақтілді мамандарды мойындамай ма?


Фото: ingate.ru


Жуырда Мәжілістің баспасөз қызметіне SMM маманына вакансия бары туралы ақпарат тарады. Онда орыс тілінде өте сауатты жаза алуды міндеттесе, «қазақ тілін білу де құпталады» деп қана көрсетеді. Бұл хабарлама әлеуметтік желіде қызу талқыға да түсті.



Фото: Әлеуметтік желіден



Осы орайда, Ult.kz тілшісі жалпы PR саласында қазақтілді мамандарға сұраныс қандай екенін анықтап көрді. 


«Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сиына­тын тәңірі» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Бүгінгі заманауи нарықтық қоғамда кез келген қаржылық қызмет көрсететін мекеме өзінің жұмыс бағытына қарамастан, сапалы қазақтілді PR қызметіне аса мұқтаж. Бұл туралы Nomad Life өмірді сақтандыру компаниясының баспасөз хатшысы Мұхамед Бағдатұлы айтып берді. Оның сөзінше, қазақтілді PR арқылы ұтымды әрі тиімді қоғамдық пікір қалыптастыруға болады.



Фото: Мұхамед Бағдатұлының мұрағатынан


«Менің ойымша, кәсіби қазақ тілі қарқынды дамып келеді. Түрлі қаржылық мекемелерде жұмыс істеп, әр кезде еліміздің ана тілін бірінші орынға қою – менің басты міндеттерімнің бірі болды. Себебі қазақ тіліне немқұрайды қараған мекеменің болашағы бұлыңғыр екені айдан анық. Әр мекемедегі қазақ тілінің мәртебесі – бірінші басшының саясатына тікелей байланысты. Бірі қазақ тіліне аса көңіл бөлсе, бірі екінші орынға қояды. Қазақ тілін білмеген PR маманы сол компанияға қосымша шығын әкеледі. Неге? Себебі қазақтілді кәсіби маман бірден аудармашы, тілмаш әрі спикер қызметін атқарады. Қазіргі уақытта қаржылық мекемелер 3 тілде еркін сөйлейтін мамандарға қызығушылық танытады», – дейді Мұхамед Бағдатұлы. 


PR маманының айтуынша, мекеме үшін қазақтілді PR-ды дамыту қазақша жазатын журналистер және блогерлермен тығыз байланыс орнату, қазақша ақпарат берумен айқындалады. Қазақ тіліне аса көңіл бөлмеу «Тіл туралы» Заңға қайшы келетінін естен шығармау керек. 


«Менің ойымша, PR (Public Relations) – мекеме мен қоғам арасындағы түсіністік пен жақсы қарым-қатынасты қалыптас­тыратын мықты құрал. Қазақтілді PR-дың негізгі шешетін мәселелері: 
мекеменің жеке имиджін қалыптас­тыру және қазақтілді аудитория­ға жақын болу;
жаңа қаржылық өнімдері мен та­уарларды, қызметтерді қарапайым халыққа тиімді жеткізу, түсіндіру;
белгілі бір тауарға деген көзқарас­тың қалыптасуы немесе өзгеруіне игі септігін тигізу;
белгілі қаржылық өнімдерге сұранысты арттыру;
мәселе туындаған жағдайда тауар мен өнімнің абыройын қорғау.
Қазақтілді PR маманының негізгі қызметі мен жұмысы – кoмпанияның қазақы ортада игі имиджін қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар жақсы жағынан таныту, жағымды пікір қалыптастыру арқылы аудитория немесе тұтынушылар арасында кері байланыс орнату. «Әркім PR маманы бола алады және ол үшін, тиісінше, сол мамандықты оқудың қажеті жоқ!» деген пікір қате. Себебі PR-шы болу тек экстраверттердің қолынан келеді, яғни әр кез қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу керек. Қоғамдық пікір қалыптастыру әркімнің қолынан келе бермейді. Журналистер мен PR маманының айырмашылығы осында», – дейді Мұхамед Бағдатұлы. 


Спикердің сөзінше, кәсіби қазақтілді PR қызметін дамыту мекеме деңгейінде ғана емес, мемлекет деңгейінде де қолға алынуы керек. Қатаң талап әр кезде нәтиже береді. 


Ал «Halyk» қайырымдылық қорының PR менеджері Гүлнар Досымшалованың айтуынша, қазақтілді PR маманға сұраныс көп болғанымен, мәселелер де жоқ емес. 



Фото: Гүлнар Досымшалованың мұрағатынан


«Қазақстандағы PR мамандары, яғни оның ішінде Әлішер Елікбаев, Ербол Азанбек, Бейбіт Әлібековтерді зерттеп, сұқбаттарын қарап, қалай жұмыс істеуге болады деп іздендім. Себебі менің PR-ға келгендегі басты мақсатым – қазақтілді маман ретінде өзімді мойындатқым келді. Сондықтан іздендім. Бірақ Қазақстанда қазақ тіліндегі PR-дың соншалықты дамып кетпегеніне көзім жетті. Дегенмен қазақтілді тұтынушылар саны орыстілділерге қарағанда көп екенін байқап, әртүрлі компаниялар қазақтілді PR менеджерлерді іздей бастады. 
PR саласында қазақ тілінде жазылған кітаптар, мақалалар, сұқбаттар өте аз. Сол жағынан аздаған қиындықтарға кезігетініміз рас. Қазіргі мақсатым – компания мен халықтың арасындағы байланысты жақсартып, компанияның имиджін қалыптас­тыру. Қайырымдылық қоры деп аталғандықтан, бұл қордың жұмысын қазақтілді аудитория көбірек білуі керек, сол үшін қазақ тіліндегі контентті дамытайық деп ұсыныс жасадым», – дейді  Гүлнар Досымшалова.


Спикердің байқауынша, PR мамандары тұтынушымен көбіне әлеуметтік желімен тығыз байланыс орнатады екен. Яғни Instagram, TikTok, Facebook. Себебі аудитория алдындағы жұмысты осы платформалар арқылы көрсету әлдеқайда тиімді. Қазір сайттардың да қаралымы төмендеді, әлеуметтік желілер алға шықты. 


«PR саласындағы қазақтілді мамандар саны шынымен де тапшы. Қазақтілді мамандардың шынымен ауа­дай қажет екенін ірілі-ұсақты компаниялар түсінді. Себебі әлеу­меттік желілердегі статистикаға үңілсеңіз, активті көтеріп отырған аудиторияның 70 пайызы қазақтілді оқырман. Яғни тұтынушы қазақша контентті көреді, қолдау білдіреді, пікірімен бөліседі. Сондықтан қазір қазақтілді маманға сұраныс артып отыр», – дейді  Гүлнар Досымшалова.

Ақбота Мұсабекқызы