Фото: Piroschka Van De Wouw / Reuters
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева Қылмыстық кодекстегі ҚР Тұңғыш Президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетін жария түрде қорлауға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған баптардың күші жойылуы мүмкін екенін растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
"Иә, мұндай түзетулер бар. Активтерді қайтару туралы заңға ілеспе заң жобасы аясында қылмыстық жауапкершілікті алып тастайтын нормалар бар. Бұл Конституцияға қабылданған түзету аясында. Енді ол жерде Елбасы мен оның өкілеті туралы айтылмайды. Қылмыстық кодексте бұл баптар енді қажет емес. Өйткені "Елбасының мәртебесі туралы" (заң. – еск.) қазір жоқ. Сондықтан қылмыстық жауапкершілік те қажет емес және қолданылмайды. Ол бұған дейін де қолданылмаған", - деді Имашева.
Айта кетейік, қазір Мәжілісте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын бапты жоятын заң жобасы қарастырылып жатыр.