11 қыр, 2019 сағат 10:36

Мәжіліс депутаты елордадағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беруді ұсынды

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл елордадағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алтын Орданың 750 жылдығы аясында тиісті мәселелерге мән беруңізді сұраймын. Біріншіден, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беру және ол көше бойында ұлыс ханының еңселі ескерткішін орнату – ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді өз азаматтарымызға ғана емес, елордамыздың әрбір қонағына паш етер шара болмақ», - деді Б. Смағұл Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар ол Жошы ханның Қарағанды облысындағы, Жезқазғанның солтүстік-шығысында 50 шақырымдай жердегі Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі екенін атап өтті.

«Сондықтан оның жанынан бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш-белгі тұрғызу маңызды. Шыңғыс ханның үлкен ұлына арналған тарихи кешен тек Шығыс елдері үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз», - деді Б. Смағұл.

Оның сөзіне қарағанда, Алтын орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгені жөн. Кесенедегі таңбалар мен жазуларды тарихи, тілдік тұрғыда зерттеп, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу қажет.

«Бесіншіден, ХІІІ ғасырдың ескерткіші және планетамыздағы Шыңғыс хан әулетінен қалған жалғыз белгі ретінде Жошы хан кесенесін келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне» енгізу жолдарын қарастырған жөн. Себебі, халықаралық беделді туристік операторлар, жеке саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, көбіне ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді», - деді депутат.