30 қаз, 2024 сағат 15:03

Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Фото: Baq.kz

Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қабылдады. Бұл құжаттар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленгенін Ult.kz хабарлайды.

2025-2027 жылдарға арналған бюджетте кірістер мен шығыстар болжамы көрсетілген. Атап айтқанда, кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге, 2026 жылы 16,7 трлн теңге, ал 2027 жылы 18,2 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Ал шығыстар 2025 жылы 25,8 трлн теңге, 2026 жылы 23,2 трлн теңге, 2027 жылы 24,6 трлн теңге болады деп болжанған. Осы кезеңде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттердің көлемі жыл сайын 2 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджет шығыстарының 68%-дан астамы Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, ұлттық жобаларға және басқа да стратегиялық құжаттарға сәйкес белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталады.

Бюджет жобасын әзірлеуде жұмыс топтарының жетекшісі Еркін Әбіл экономиканың тұрақты өсуіне үміт артылып отырғанын атап өтті. Орта есеппен жыл сайынғы өсім 5,4%-ды құрайды деп күтілуде. Өсім әсіресе өңдеу өнеркәсібі (5,8%), құрылыс (9,3%) және ақпарат пен байланыс (9,5%) салаларында байқалмақ.

Сонымен қатар, бұл бюджет жобасы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы, зейнетақы және стипендияны кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.