ҚР Қорғаныс министрлігінде 2020 жылдың 4 мамырында Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің С-295 ұшағында орын алған тосын оқиғаға қатысты тексеру аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған ведмоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеуді Қорғаныс министрінің бұйрығымен Аirbus Military-ұшақты әзірлеуші компания, сондай-ақ «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС өкілдерімен бірлесіп құрылған арнайы комиссия жүргізді.
«Тексеру қорытындысы бойынша комиссия авиациялық оқиғаның себебі шассидің алдыңғы тірегінің доңғалақтарын басқару жүйесінің техникалық ақаулығы болды», - деді ҚР Мемлекеттік авиациясының ұшу қауіпсіздігін қадағалау департаментінің бастығы полковник Қайрат Баймаханов.
Шассидің алдыңғы тірегінің шықпауына байланысты болған штаттан тыс жағдайда экипаж ақауды жою үшін қажетті барлық жағдайды жасады. Әскери ұшқыштардың сауатты іс-қимылдарының арқасында әуе кемесі Жетіген аэродромына сәтті қона алды.
Экипаж құрамында әуе кемесінің командирі майор Жеңіс Зайнулдинов – 1700 сағаттан астам ұшуы бар 1-ші сыныпты ұшқыш, капитанның көмекшісі Абылай Ибраев, борт-инженер майор Кәрім Пахирдинов және борт-механик прапорщик Игорь Карабец болды.
ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы шешімімен С-295 ұшағының экипажы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда майор Жеңіс Зайнулдинов және капитан Аблай Ибраев – II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, майор Кәрім Пахирдинов және прапорщик Игорь Карабец – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен.
Сондай-ақ, Қарулы Күштер мен Төтенше жағдайлар комитетінің жердегі қызметтерінің кәсіби әрекеттері атап өтілді. «Жетіген» аэродромын ұшақтың авариялық қонуын қамтамасыз етуге алдын ала дайын болуы, адам шығынының алдын алуға және қымбат тұратын авиациялық техниканы сақтауға мүмкіндік берді.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен ұшақтың жердегі авариялық қонуын қамтамасыз етуде кәсібилік танытқан әскери қызметшілер «Ел қорғаны» медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы әскери ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай, Жетіген аэродромына аман-есен қонғанын хабарлағанбыз.