Бельканто патшайымы, «Астана Операның» жетекші солисі Майра Мұхамедқызы жеке онлайн-концертін берді. Опера дивасының күшті де қуатты энергетикасының арқасында сенбілік кеш нағыз театрлық шаттыққа айналды, - деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы бағдарламаны сәтті таңдаған. Жекелеген бір бөлім жан жылуы мен ұйымшылдық сезімін тудыратын «Бүлдірген», «Ақ Көйлек», «Ал Қоңыр», «Сәулем-ай» сынды қазақ халық әндеріне арналған.
Қазақтелекомның YouTube арнасының Live форматындағы тікелей эфирінде әйгілі әншінің сыңғырлаған таза дауысы мен мінсіз орындауында Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы», Мұратбек Бегалиевтың «Ысық көлду сағыну», Абдулла Тоқайдың «Ана тілі» және т.б. шығармалар шырқалды. Ұйғыр әрі қытай халық әндері бағдарламаның сәнін келтірді.
Опера дивасы күн сайын вокалдық шеберлігін шыңдау, өнердің сырларына терең бойлау арқылы халықтың зор махаббатына ие болды. Оның қажырлы еңбегі, репертуарын кеңейтуге бағытталған жұмыстары, тынымсыз шығармашылық идеяларды іздестіруі өз жемісін берді. Сірә, бүгінгі таңда оның есімін білмейтін адам жоқ шығар. Халықтың сүйіктісі, Қазақстанның вокалдық өнерінің әлемдегі лайықты өкілі. Сондай-ақ Майра Мұхамедқызы – дүние жүзінің опера әншілерінің күрделі де беделді шығармашылық жарысы – Мәскеудегі П.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты (1998) атанған жалғыз қазақстандық опера орындаушысы.
Тамаша вокалдық шеберліктен бөлек, көрермендер осы кеште керемет аспапшылардың да шебер орындаушылығын бағалай алды – Цезарь Кюидің «Царскосельская статуя», Петр Чайковскийдің «Колыбельная песнь в бурю» композицияларының сырлы интерпретацияларын көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты арфашы Диляра Қалдыбаева ұсынса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Ахмедьярова концертте фортепиано партиясын орындады.
Еске салар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Live форматында «Карантиндегі жұлдыз» жобасын сәтті жүзеге асыруда. Көрермендер әртістермен пікір жазу арқылы сұхбаттасады. Концерттер ашық әрі баршаға қолжетімді түрде тегін өткізіледі.
Сопрано дауысының иегері, «Астана Опера» солисі Мәдина Исламованың да онлайн-концерті 1 сәуір күні @etalents.pro тікелей эфирінде өтті. Әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында әнші «музыка адамның жан-дүниесін емдейді» деп атап өткен. Оның орындауында онлайн-аудитория назарына қазақтың халық әндері «Балқадиша», «Япырай», «Наз қоңыр», сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Толқыма», «Гәкку» және тағы басқа көптеген туындылар ұсынылды.
Тыңдармандар өздерінің пікірлерінде осынау қиын-қыстау кезеңде асқақ өнердің құдіреті арқылы көңіл-күй мен күш-қуат сыйлағаны үшін «Астана Опера» әртістеріне алғыстарын білдірді.