06 ақп, 2021 сағат 13:44

Майкл Джорданның қолтаңбасы бар карточка 1,44 млн долларға сатылды

Аты аңызға айналған америкалық баскетболшы Майкл Джорданның қолтаңбасы бар сирек кездесетін коллекциялық карточка Heritage аукционында рекордтық 1,44 млн долларға сатылды. Бұл туралы TMZ Sports порталы хабарлады.

Карточка 1997 жылы 23 дана болып шыққан. Онда «нақты қолтаңба» мен спортшының 1992 жылы Ұлттық баскетбол ассоциациясының (NBA) аңызға айналған Жұлдыздар матчында ойнаған футболкасының бір бөлігі бар. 

Сатып алған адамның аты аталмады. 

Майкл Джорданның бұған дейінгі коллекциялық карточкаларының рекордтық құны 915 мың доллар болған. Ол да бірнеше ай бұрын Heritage аукционында тіркелген еді. 

Ал былтыр тамызда спортшының кроссовкасы Christie's аукционында 615 мың долларға сатылды. 

Майкл Джордан екі дүркін Олимпиада чемпионы (1984, 1992) және «Чикаго» құрамында алты дүркін ҰБА чемпионы атанған. Сондай-ақ ол «Вашингтон» сапында ойнап, 2003 жылы сол командада карьерасын аяқтады.