АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің бейбітшілікке, өркендеуге және қауіпсіздікке негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынастардың маңыздылығын растау үшін Нұр-Сұлтанға келгеніме қуаныштымын. Мен сауда, инвестициялар мәселелерін және екі елдің өркендеуін кеңейту жолдарын талқылауды асыға күтемін», - деп жазды Майк Помпео Twitter-де.
Майк Помпео Қазақстан астанасына сенбі күні кешкісін ұшып келді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы ел басшылығымен екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды. Ақпаратқа сәйкес, сапар аясында М. Помпеоның ел басшылығымен және ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі қарастырылған.
Еске салайық, Майк Помпеоның Украина, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Кипрге сапары 3-7 қаңтарға жоспарланған еді. Ол Қазақстанға 5 қаңтарда келуі керек. 2 қаңтарда АҚШ мемлекеттік хатшысы Бағдадтағы америкалық елшілік ғимаратындағы тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстанды қоса алғанда, бес елге жоспарланған сапарды кейінге қалдырғаны белгілі болды.