05 нау, 2019 сағат 16:40

Мәулен Әшімбаев Жапония мен Германияның елшілерімен кездесті

Бүгін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацухико Касаимен және Германияның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Онда тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттырып, партияаралық диалогты дамыту жайын кеңінен талқылады.

Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап жүйелі жүргізіліп келеді. Соның арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық нығайып, түрлі сала бойынша серпінді даму байқалады. Осы мәселелерге назар аударған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бұл мемлекет басшыларының деңгейіндегі достық қарым-қатынастың нәтижесі екенін айтты.

Сонымен қатар ол екі елдің сауда-экономикалық байланысының даму көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымының көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ 2005 жылдан бері аталған елден Қазақстанға 6 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Екі елдің саяси және экономикалық мәселелермен бірге өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілікті сақтау, жаһандық түйткілдердің оң шешілуіне ықпал ету сияқты ортақ мүдделерінің де бар екенін атап өткен жөн.

Өз сөзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстан мен Жапонияның Парламент және партияаралық байланыстарының да жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті. Одан бөлек, биыл «Nur Otan» партиясының 20 жылдығы екеніне көңіл бөліп, соған орай таяуда ғана өткен партияның кезекті XVIII съезі туралы айтты.


«Съезде партиямызбен бірге еліміз үшін де аса маңызды мәселелерді талқыладық. Соның нәтижесінде партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Соған орай ел Үкіметі өз жұмысында осы бағдарламаға басымдық береді. Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы мен еліміз бойынша партия филиалдарының жұмысы да осы бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталады. Бағдарламада біздің көздеген мақсаттарымыз бен бағыт-бағдарымыз анық көрсетілген. Атап айтқанда, қазақстандық отбасылардың тұрмысын жақсарту, денсаулық сақтау мен білім беру саласын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, инклюзивті экономиканы қалыптастыру, бизнесті дамыту сияқты қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді оң шешуге бағытталған нақты мақсаттар бар», - деген Мәулен Әшімбаев съезде Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

Өз кезегінде Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Тацухико Касаи екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға күш жұмсайтынын жеткізді.

«Қазақстан тұрақты экономикасы мен саяси жүйесі қалыптасқан ел. «Nur Otan» партиясының съезінде Қазақстан Президенті «Nur Otan» партиясының жаңа бағдарламасы әлеуметтік сипатқа ие екенін атап өтті. Осы ретте жапон тарапы аталған бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге мүдделі екенін жеткізгім келеді», - деді елші мырза.


«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннермен кездесуінде екі ел байланысының даму қарқыны сөз болды.

«Германия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық әріптестерінің бірі. Екі елдің арасында мемлекет басшылары, мемлекеттік органдар және саяси партиялар деңгейінде достық әріптестік байланыс орнаған. Соңғы жылдары біздің экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамуда», - деген Мәулен Әшімбаев екі елдің сауда-экономикалық көрсеткіштеріне назар аударды.

Оның сөзіне қарағанда бүгінде Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2 млрд. АҚШ доллары шамасында. Сондай-ақ кездесуде Германияның 2005 жылдан бері Қазақстанға 8,6 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салғаны да айтылды.

«Сондықтан Германия еліміз үшін ең ірі инвесторлардың бірі болып саналады. Алдағы уақытта осы саланы одан әрі дамытамыз деп сенемін», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Іс-шара барысында екі елдің партияаралық байланысы туралы да сөз болды. Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» партиясы мен Германияның Христиан-демократиялық одағы арасында тығыз байланыс орнағанын айтты. Сондай-ақ ол «Nur Otan»-ның жақында өткен кезекті XVIII съезінде партияның жаңа бағдарламасы қабылданғанын және онда Қазақстан Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке әлеуметтік саланы дамытуға арналған нақты тапсырмалар бергенін сөз етті.

«Съезде партия Төрағасы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қазақстандық отбасылардың тұрмыс деңгейін көтеру, баспанамен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту және осындай басымдықтарды бүкіл еліміз бойынша жүзеге асыру мәселелері қамтылды. Сондықтан алдағы уақытта партия осы бағыттарда Үкіметпен, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысына бақылау жргізеді», - деді Мәулен Әшімбаев.


Ал Тило Клиннер Қазақстан мен Германия арасындағы достық қарым-қатынастың берік орнағанына назар аударып, осы байланысты одан әрі дамыту керектігін айтты.

- Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең сенімді серігі. Біздің ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да тәжірибе алмасуға мол мүмкіндігіміз бар. «Nur Otan» партиясының съезінде айтылған басымдықтар бойынша да байланыс орнатуға дайынбыз. Алдағы уақытта сол осы съезде қабылданған «Nur Otan»-ның жаңа бағдарламасы Қазақстанды жаңа биікке шығарады деп сенемін, - деді Германия елшісі.