Бүгін «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен «BLIND RACE ASTANA – PARIS» құрлықаралық веломарафонының қатысушыларымен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары осылай деді.
Бұл марафонның басты ерекшелігі оған көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін зағип жандардың қатысуы болды. Соған қарамастан олар еріктілермен тандем құрып, Астанадан Парижге дейінгі 5 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Франция елдеріндегі 30 бірдей қаланы басып өтіп, елге оралған жандармен кездесуінде Мәулен Әшімбаев оларды марафонның сәтті аяқталуымен құттықтады.
– Қатарынан үш жыл бойы өткізіліп келе жатқан веломарафонға биыл «Нұр Отан» партиясы да қолдау көрсетіп, оның табысты жүзеге асырылуына атсалысты. Соның нәтижесінде жоба құрлықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Осы жолдағы сіздердің қажыр-қайраттарыңыз, өмірге деген құштарлықтарыңыз бен жеңіске деген құлшыныстарыңыз, төзімділіктеріңіз бен табандылықтарыңыз және ерік-жігеріңіз барша халыққа, әсіресе жастарға үлгі болатын өнегелі іс. Халық өздеріңіздей рухы мықты жандарды қашанда құрмет тұтып, мақтан етеді, – деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта да партия осындай игі бастамаларға қолдау көрсету ісін жалғастыра беретінін айтты.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия қызметін жаңғырту аясында қайта жанданған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасына да тоқталып өтті.
– Бүгінде партия мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл жоба партия қызметін жаңғырту аясында жанданып, жаңаша қарқын алды. Соның нәтижесінде нақты басымдықтар анықталды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету және осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіруге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ партия еліміздегі саяси өмірге белсене араласып, мәслихат, Мәжіліс сайлауларына қатысқысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау көрсетуге дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, веломарафон барысында қатысушылар күніне 100-200 шақырым жол жүріп отырған. Зағип жандар негізінен екікісілік велосипедте стокердің (артқы орындықта отырып, жүргізетін велосипедші) міндетін атқарған. Ал пилоттың рөлін еріктілер атқарды. Соған байланысты оларға негізінен жолды бағдарлау, велосипедті басқару сияқты міндеттер жүктелсе, басты күш стокерлерге түскен.