Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнспен кездесті. Онда тараптар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сұхбат барысында Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын дамытуда жоғары деңгейдегі мемлекетаралық тұрақты саяси диалогтың ықпалы зор екені айтылды. Былтыр қыркүйек айында екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джо Байден Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында өткен С5+1 саммиті аясында кездескен еді. Сондай-ақ өткен жылдың ақпанында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға ресми сапармен келгені белгілі.
Кездесуде көпжақты және парламентаралық байланысты дамыту мәселелеріне де баса мән берілді.
«Екі елдің Президенттері өзара қарым-қатынасымыздың стратегиялық басымдықтары мен күн тәртібін белгілеп, Қазақстан-Америка байланысын әрі қарай дамыту үшін маңызды қадамдар жасады. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасында қарқынды саяси диалог қалыптасқан. Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл да белсенді дамып келеді және ауқымды шарттық-құқықтық база бар. Елдеріміздің лидерлері белгілеп берген тығыз ынтымақтастық басқа салаларда, оның ішінде заң шығарушы органдар арасында да жоғары деңгейде қолдау табуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар Парламент депутаттарының сауда-экономикалық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жұмысын және басқа да мәселелерді талқылады.
Сенат Спикері Парламенттің Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Тұжырымдамасының іске асырылу барысына да тоқталып өтті.
Өз кезегінде Стив Дэйнс Қазақстанда жүргізілген кешенді жаңғыруларды жоғары бағалады. Сондай-ақ сенатор біздің елде демократияны дамытуға, жаңа экономикалық үлгіге көшуге және рухани дипломатияны өркендетуге арналған шаралардың тиімділігіне назар аударып, өзара бірлескен жұмысты жандандыруға бейіл екенін атап өтті.