Мәскеу уақытымен 16:00-дегі дерек бойынша, Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің жанындағы №265 сайлау учаскесінде 950 сайлаушы дауыс берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Мәлім болғанындай, дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр, сайлаушылардың белсенділігі жоғары.
Еске сала кетейік, РФ аумағында 5 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр: Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан және Омбы қалаларында. Осы учаскелерде Ресей аумағында жүрген қазақстандықтар дауыс береді. Дауыс беру жергілікті уақытпен 07:00-де басталып, 20:00-ге шейін жалғасады
Сондай-ақ, Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің жанындағы №264 учаскеде тіркелген сайлаушылар 100 пайыз дауыс берген.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, адамдар таң атысымен сайлауға көптеп келе бастаған. Күннің екінші жартысында учаскеде тіркеуге алынған азаматтардың барлығы өздері таңдаған кандидатқа дауыс беріп үлгерген.
Сайлаушылардың арасында студенттер, туристер, бизнесмендер, өнер майталмандары болды.
Еске сала кетейік, Бішкекте бүгін Қазақстанның 102 жастағы халық әртісі Айша Абдуллина дауыс берді.
Сонымен қатар опера әншісі Майра Мұхамедқызы да Бішкекте дауыс берді.