Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов ТМД-ға мүше елдердің қауіпсіздік қеңестері хатшыларының VI кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында делегациялар басшылары ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке төніп тұрған қазіргі қауіп-қатерлер тұрғысынан өңірлік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Ауғанстандағы ахуал мен Орталық Азиядағы мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамсыз ету жөніндегі шаралар, терроризм мен діни экстремизмді қаржыландыруды болдырмау, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Биылғы 23 қарашада Қазақстан мен Ресей қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары деңгейіндегі кезекті екі жақты консультациялар аясында Ғ.Байжанов ресейлік әріптесі Н.Патрушевпен келіссөз өткізді.
Кездесу барысында тараптар қауіпсіздік саласындағы екі жақты қарым-қатынастардың кең ауқымды бағыттары, соның ішінде халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы тұру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі өзара ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.