18 қаң, 2021 сағат 13:43

Мәскеуде Кремль сыншысы Навальныйды қамауға алу бойынша сот тыңдауы басталды

18 қаңтарда күндіз Мәскеу түбіндегі Химки елді мекенінде Кремль сыншысы Алексей Навальный ісі бойынша сот тыңдауы басталды. Бұл туралы саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады, деп жазады Азаттық

Twitter-де жарияланған видеода Навальный өзін Химки полициясындағы камерадан "адвокатпен кездестіру үшін" шығарып, бірден сот залына кіргізгеніне наразы болады. 

"Полиция бастығының өтініші бойынша мені қамауға алу мәселесі қаралайын деп жатыр. Химки соты не үшін полицияда өтіп жатыр? Неге [сот жайлы] ешкімге хабарламаған? ... "Бункердегі атаның" дірілдеп қалтырайтыны сонша Қылмыстық кодексті жұрттың көзінше жыртып, қоқыс жәшігіне лақтыра салған сияқты. Бұл заңсыздықтың сорақы түрі. Басқаша айту мүмкін емес" деді Навальный. Одан кейін жариялаған видеода Навальный сот процесіне журналистерді кіргізуді талап етеді.

Алексей Навальный 17 қаңтарда кешке Германиядан Мәскеуге ұшып келген. Мәскеудің Шереметьево әуежайында күштік құрылымдар оны бірден ұстады.

Заңгерлер 18 қаңтарда өздерін полицияға кіргізбей жатқанын, оппозициялық саясаткердің жағдайынан хабарсыз екенін мәлімдеген. 

Ресей қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) Навальныйды ұстағанын растады. ФСИН хабарламасында Навальный 2014 жылы шыққан сот үкімі бойынша шартты жазаны орындау ережелерін "бірнеше рет" бұзды, "бақылау инспекторларынан жалтарды" деп жазылған. 

Заңгерлер Навальныйды "шартты жазаны орындамағаны үшін" 3,5 жылға соттауы мүмкін екенін айтады. 

Навальный 2014 жылы 30 желтоқсанда 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Оған "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Навальный тағылған айыпты жоққа шығарды. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.

17 қаңтарда халықаралық Amnesty International ұйымы Алексей Навальныйды ар-ұждан тұтқыны деп атап, Мәскеуден оны дереу босатуды талап етті. АҚШ және Еуроодақ Ресейге соған ұқсас талап қойды. 

Ресейдің оппозициялық саясаткері өткен жылдың тамызында Томскіден Мәскеуге жол тартқан ұшақта хәлі күрт нашарлап, есінен танған. Ұшақ экипажы шұғыл түрде Омбы қаласына қонып, сол жерден оны жедел жәрдем қызметі жергілікті ауруханға алып кеткен. Екі күннен соң ол ес-түссіз күйі Германияға жеткізілген. Қыркүйектің басында Германия үкіметі Навальныйдың дененсінен "Новичок" уының ізін анықтаған. Кейінірек тәуелсіз зертханалар саясаткерден алынған үлгіде удың барын растаған.

Навальный өзін улауға Кремльдің тікелей қатысы бар деп санайды. Ал Кремль мұны жоққа шығарады.