Мәскеуде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.
Ресей астанасының «Лотте Москва» атты қонақ үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті. Осы кештің мәртебелі меймандарының арасынан Ресей Федерациясы президент әкімшілігі, үкіметтің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпус жетекшілері және халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, танымал қазақ-ресей жұлдыздары және қазақ диаспорасының өкілдері болды.
Дәстүр бойынша кеш Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің салтанатты құттықтауымен ашылды. Ол өз сөзінде отанымыздың тәуелсіздік тұғырын 28 жыл ішінде барлық әлемдік қауымдастық және этностар өкілдері мойындағанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанды шет елдерде толеранттылыққа, конфессиялық және мәдениаралық келісімге қол жеткізуге бағытталған дәйекті ішкі саясат жүргізетін мемлекет деп біледі.
«Қазақстан жоспарланған экономикадан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшу үрдісін сәтті өткізді және бұл жүйенің барлық тетіктері мен заңнамалық негіздерін құрастыра білді. Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның локомотиві болып табылады. Еліміздің қарқынды дамуы мемлекетке өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті дипломатиялық миссияның басшысы. Сөзінің соңында ол Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барлығына бақыт пен зор денсаулық тіледі.
Өз кезегінде Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин бүгінгі таңда Қазақстан дамыған экономикасы мен халықтың өмір сүру деңгейі, мәдени келбеті айқын, заманауи, демократиялық, көпұлтты мемлекет екендігіне назар аударды.
«Ресей мен Қазақстан халықтары тату көршілер ретінде өмір сүріп, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін бірлесе шешеді, туындаған қиындықтарды бірге жеңеді. Бауырлас Қазақстан халқына барлық жақсылықтарды тілеймін», - деп қорытындылады Александр Панкин. Сонымен қатар, бұл кеште әр жерден Қазақстан халқына жолданған құттықтаулар естілді.
Саясаттанушы, Каспий ынтымақтастығы институтының директоры Сергей Михеев тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі - бұл кедергісіз тұрақты даму екеніне сенім білдірді.
«Біздің қиын-қыстау кезеңімізде үздіксіз алға қадам басу – оның өзі үлкен жетістік. Қиындықсыз тұрақты дамуды қамтамасыз ететін Қазақстан үшін бұл посткеңестік кеңістіктегі және одан тыс аймақтар үшін де сәтті үрдіс. Сондықтан мен Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын және барлығыңызға жақсылық тілеймін».
Мақтан тұтар азаматтарымыздың бірі, кинорежиссер Тимур Бекмамбетов те өз жерлестерін мерекемен құттықтады.
«Туған жерімде болмағаным үшін өкінемін, бірақ жаныммен әрқашан сіздермен біргемін. Барлықтарыңызға тек сәттілік тілеймін, ал қалғанын адамдар өздері шешеді» - деді ол.
Салтанатты қабылдау барысында қонақтар тек пікір алмасып қана қоймай, сонымен бірге бірнеше сағат бойына Қазақстанға саяхатқа шыға алды. Мұндай мүмкіндікті қонақтарға Серік Закария жетекшілік ететін «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің әртістері, қазақстандық суретшілер мен әйгілі мүсінші Марат Ғабдрахмановтың көрмесі сый етті. Іс-шараның шарықтау шегі қазақтың ұлттық тағамдарымен танысу болды. Қонақтарға түрлі тағамдар мен сусындар ұсынылды. Сондай-ақ, кеш қонақтарының бәрі фотосессияға қатысты.