14 қыр, 2020 сағат 11:53

МӘСҚ вирус жұқтырған 1,5 мыңға жуық медицина қызметкеріне ақша төледі

COVID-19-бен күресуге тартылған 1487 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) біржолғы әлеуметтік төлемді алды.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің туыстарына да төлемдер аударды.

«Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі»-делінген хабарламада.

14 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 1487 медицина қызметкерінің және аурудың салдарынан қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің өтініш бойынша қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына байланысты төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (261) және Алматы қаласынан (197), Алматы (127), Ақмола (122) және Қарағанды (110) облыстарынан жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн. теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн. теңге көлемінде төленеді.