сурет ашық дереккөзден алынды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жауапқа тартылған адамды денсаулығына байланысты түрмеден босатып, емдеуге жіберу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, бүгінде онкологиямен ауыратын адамды түрмеден босату қарастырылған.
"Аурулардың нақты тізімі бар. Мысалы, онкология болса, сатысына қарайды. Сосын террорист болсын, мемлекетке опасыздық жасаған адам болсын, оны емдеу үшін түрмеден босатады", - деді Ахметжанов журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда журналистер "ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов осы норманы пайдалана ала ма?", - деп сұрады.
Министрдің сөзіне қарағанда, оны сарапшылар шешеді. Сот шешім шығарады.
"Арнайы мамандар бар, алдымен сол сарапшылар қарайды. Одан кейін сот өз шешімін шығарады. Егер адамды босатуға негіз болатын қауіпті аурулардың белгілері анықталса, онда тиісті шешім шығарылады. Адам жазадан босатылмайды. Оны емдеуге жібереді. Түрмеден шығарып, ауруханаға жатқызады", - дейді Ахметжанов.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылдың ішінде қауіпті аурулар тізімі бойынша 27 адам түрмеден емдеуге жіберілді. Олардың ішінде 25 адам көз жұмды. Екеуі ем алғаннан кейін қайтадан түрмеге қамалды.
"Бұл – мемлекет тарапынан жасалған гуманизм. Өлім аузында жатқан адам жақын туыстарымен бірге болады", - деп атап өтті министр.