Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақтөбе облысына сапары кезінде айтты.
Бүгін аталған өңірге келген Мәулен Әшімбаев партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне арнайы барып, оның жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Елбасының партияның кезекті XVIII съезінде анықтап берген «Халыққа көмек» жобасы аясында «Nur Otan» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмелері Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі бойынша қызмет көрсете бастаған болатын. Соның нәтижесінде қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істеп, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді оң шешуге ықпал етіп келеді.
Жаңа жобаның маңызына тоқталған «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары оның алдағы уақытта партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі болатынын айтты.
– «Халыққа көмек» жобасы Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынып отыр. Оның басты мақсаты – мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық әлеуметтік көмекті Бірыңғай әлеуметтік терезе арқылы бір жерден әрі жедел түрде халыққа жеткізу. Сондықтан партия Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындауға мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды және бизнес қауымдастықты да жұмылдырып, олардың қызметтерін үйлестіруші рөлді атқарады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сапар барысында елордадан келген мейман облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге аз қамтылған отбасыларға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Мұндай көңіл жадыратар игі іс «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған жоба да партия Төрағасының кезекті XVIII съезде берген тапсырмасына сәйкес қолға алынды.
Баспаналы болған жандарды қуанышты сәтпен құттықтаған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бұл игі істің Елбасы саясатының жемісі екенін жеткізді.
– Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру Елбасы саясатының негізгі басымдығы болып табылады. Бұл істе баспанамен қамтудың да маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, Тұңғыш Президентіміздің тікелей тапсырмасымен айтарлықтай жұмыстар атқарылып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының конференциясына қатысты. Жиын барысында Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болып өңір басшысы Оңдасын Оразалин сайланды.
Сондай-ақ конференцияда партия съезінде Елбасы берген тапсырмаларды Ақтөбе облысында жемісті жүзеге асыру барысы пысықталды. Осы бағытта өңірдің алдында тұрған басымдықтарға назар аударған Мәулен Әшімбаев аталған жұмыстардың ұтымды тұстарына тоқталып өтті.
Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешіміне назар аударып, Тұңғыш Президентіміздің қашанда ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайтынын айтты.
– Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттілік, егемендік және Тәуелсіздік сияқты аса маңызды құндылықтармен бір қатарда тұрады. Еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы, Қазақстан тарихында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер ретінде мәңгі қалады, – деді Мәулен Әшімбаев.