05 ақп, 2021 сағат 11:18

«Мәселе шешкіш» лауазым иелері кәсіпкерлікке қатты кедергі келтіріп отыр – антикор

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлардың кәсіпкерлікке қатты кедергі келтіріп отырғанына алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көлік бақылау инспекциясында қылмыстық схемаларды әшкерелеу жалғасуда. Мысалы, Алматы облысында осы ведомство басшысының орынбасары Жантұров жүйелі негізде жүк автокөлігінің кедергісіз өткізу үшін 50 мыңнан 240 мың теңгеге дейінгі сомада заңсыз сыйақы алып келген (сот шешімімен 99 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді)», - дейді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кейбір лауазымды қызметкерлер кәсіпкерлік қызметке барынша кедергі келтіреді. «Мәселені шешемін» деген желеумен қамқорлыққа алған болып кәсіпкерлерден пара алады. 

«Мәселен, Павлодар облысында облыстық ТЖД Өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы подполковник Искаков сотталды. Ол өрт қауіпсіздігін тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша шаралар қабылдамау үшін сауда үйінің өкілінен 500 мың теңге мөлшерінде пара алған (5 млн теңге мөлшерінде айыппұлға ілікті)», - дейді ол.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері де тыйылар емес. Мәселен, Алматы облысында «Алматыжоллаборатория» РММ басшысы С. С. Кенжеғұлға пара алғаны және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін 40 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.