Фото: primeminister.kz
Марат Күлдіков ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР Үкіметінің қаулысымен Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков берген өтінішіне сәйкес ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды", - делінген хабарламада.
Марат Күлдіков 1967 жылы Семей облысында туған. 1994 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін «өрттен қорғану техникасы және оны ұйымдастыру» мамандығы бойынша, 2000 жылы ҚР ТЖК Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Семей қаласын күзету жөніндегі ІІБ №79 әскерилендірілген өрт сөндіру бөліміне бағынысты өрт сөндіруші болып бастаған. 1993-2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында орта және аға басшы құрамының түрлі лауазымдарын атқарған. 2008-2012 ж.ж. — Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары – Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы.
2012-2014 ж.ж. — Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. 2014-2016 ж.ж. — Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. 2016-2019 ж.ж. — ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары. 2019 жылдан Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Ал 2020 жылғы 10 қазанда Үкімет қаулысымен Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде Мемлекет басшысы жедел штаб отырысын өткізген болатын. Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, министрлік жұмысын сынаған еді.
«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарады?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?» - деді сол кезде Президент.