18 там, 2016 сағат 10:29

Марат Елеусінов: Даниярдың жарылған қабағын екі рет тіктіруге тура келді

Даниярдың жартылай финалда алған жарақаты қазақ жанкүйерлерінің мазасын қашырды. Соңғы сәтке дейін ақырғы айқасқа дәрігерлер рұқсат бермей қоя ма деген күдік болды. Финалға шыққаның өзінде жарақаты қайта сыр бере ме деген қауіп бар еді. Даниярдың әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

«Бүгін Данияр халықтың үмітін ақтады. Сол үшін қатты қуанып жатырмыз. Мен ғана емес, бүкіл қазақ елі қуанып жатыр. Данияр менің ғана балам емес, ол бүкіл халықтың баласы», - деп атап өтті Марат Елеусінов.

Сондай-ақ, финалдағы қарсыласы мен жекпе-жек туралы да өз ойын бөлісті.

«Өздеріңіз білесіздер! Данияр жартылай финалда үлкен жарақат алды. Қабағы тура көзінің жанынан терең жыртылып кетті. Жыртылған жерін бір емес, екі рет тіктірдік. Финалда өте қиын болады-ау, деп қорыққанымызда жасырын емес. Себебі, қарсыласы оның жараланған жерін көздеп соққы жасайтыны анық еді. Сосын, біз Даниярға қарсыласын жақсылап зерттеп, өзгеше айла-тәсіл жасауды тапсырдық. Тек аяқпен жұмыс істеп, қарсыласыңды шегіне жүріп соққы жаса, бірден өзің алға ұмтылма деген болатынбыз. Ол тапсырманы ойдағыдай орындады. Өзіне көп соққы дарытпады. Соның нәтижесінде жеңіске жетті», - дейді Даниярдың әкесі.

Ұлт порталы