13 қаң, 2025 сағат 11:29

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына 32 млрд. теңге айыппұл салынды


Фото:inbusiness.kz

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на 32 млрд. теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ult.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының прокуратурасы “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықтады. 

Прокурорлармен қолданылған шаралардың нәтижесінде, соттың 2024 жылдың 4 желтоқсандағы қаулысымен компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 31 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. 


Сот актісі заңды күшіне енді.

Сондай-ақ, мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың шамадан тыс шығарылу фактісі де анықталды. Бұл дерек бойынша былтыр 11 желтоқсанда компания қосымша әкімшілік жауапқа тартылып, 1,2 миллиард теңге айыппұл салынды.

Бұған дейін Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокурорлары жер қойнауын пайдаланушы – «БузачиНефть» ЖШС газды жағу салдарынан мемлекетке келтірілген 2,2 миллиард теңге көлеміндегі экономикалық залалды өтеуіне шаралар қабылдағанын мәлімдеген.

Еске салайық, 09.06.2023ж. «Қаратұрын Оңтүстік» кен орнында ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылап одан әрі өртенуі орын алды. Бұл апатты жоюға алты айға жуық уақыт кетті.

Төлем сомасы Энергетика министрлігі және жер қойнауын пайдаланушы аралығындағы келісілген күндері бөліп төлеу арқылы жүзеге асырылады.

17.12.2024 ж. мемлекет кірісіне 270 млн теңге сомасына алғашқы төлем түсті.

Бұдан басқа, бұған дейін табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша орын алған апатқа байланысты экологиялық нормаларды бұзғаны үшін «БузачиНефть» ЖШС-не 362 млн теңге айыппұл салынды, толық төленді.