Маңғыстау облысында вакцина паспортын сатқан дәрігерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Қалиевтің айтуынша, жалған вакцина паспортын дайындады деген күдікпен дәрігерлер мен олардың делдалдары болған сегіз адам анықталды.
«Деректер базасында ресми тіркелген әрбір медициналық құжат үшін олар 30-50 мың теңге көлемінде ақша алғандығы анықталды. Анықталған адамдар 150-ден астам азаматқа паспорт беруі мүмкіндігі тексеріліп, анықталды. Бұл цифр әлі де өсуі мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда», - деді Алтынбек Қалиев.
Полиция өкілі қылмыстық оқиңанығ шілде айынан бері тергеліп жатқаны туралы айтты.
«Аталған факт бойынша шілде айынан бастап бізде арнайы жедел шаралар қабылданды. Аталған фактілер Жаңаөзен, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының жеке және мемлекеттік ауруханаларында анықталды», - деп толықтырды А.Қалиев.
Оның айтуынша, вакцинация паспортын сатып алғысы келетін адамдар рәсімге келген, бірақ іс жүзінде оны алмаған.