13 мау, 2019 сағат 17:04

Маңғыстау облысының әкімі ауысты

Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Серікбай Өтелгенұлы Трұмов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалсын", - деп жазылған Мемлекет басшысының Жарлығында.

Трұмов бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. Ол өңірді 2017 жылдың наурызынан бері басқарған Ералы Тоғжановтың орнына келді.

Серікбай Трұмов туралы не білеміз?

1964 жылдың 3 маусымында Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1992 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдаған.

1983-1985 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери міндетін өтеді. 1985-1990 жылдары "Мангышлаксельстрой-12" трестінде бетонщик, жүргізуші, құрылыс механизациясы мен көлік басқармасының жүргізушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін Қазақстан ЛКЖО Форт-Шевченко қалалық комитетінің бірінші хатшысы, "Түпқараған" ЖШС жетекші директоры, аудан әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. Ал 2012 жылы Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. 2015 жылдың шілдесінен бастап Ақтау қаласының әкімі болды. Екі жылдан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы қызметіне тағайындалды. 

"Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасымен, сондай-ақ, бірнеше медальмен марапатталған. Үйленген, бес баласы мен бес немересі бар.