07 қыр, 2016 сағат 07:27

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы - құқықтық демократиялық мемлекет құрудың киелі жемісі

Әлемде өз орнын тауып, жан-жақты дамыған ел ретінде қалыптасқан мемлекет өзінің ұлттық идеясына ие болады.  Елімізді бір мақсат-мүдде мен бір болашаққа бастайтын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы Қазақстанның жарқын болашағын айқындайтын Елбасының ең маңызды өнегелі бастамаларының бірі.

«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы – Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізудің ғана емес, халқымыздың еркін азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытында жасаған қадамдарының әрі құқықтық демократиялық мемлекетті құрудың киелі жемісі.

Тәуелсіздіктің 25 жылы жеке адамның да, тұтас бір қоғамның да ұлттық идеясыз, мемлекеттік идеологиясыз толыққанды өркендей алмайтындығын көрсетті. Өйткені адамның санасы, жандүниесі оны туындаған сансыз сауалдарға жауап табуға белсенді қозғайтын  өмірлік идеяны қажет ететіндігін сезіндіреді. Табиғат пен қоғамның іші бос болмағандай, адамның жүрегі мен санасы да еш уақытта бос болмайды. Сондықтан егер қоғамда игілікке бастайтын идеялар кең таралмай, олар халыққа ықпалды болмаса, онда қоғамның санасын зиянды жат пікірлер жаулап, шетін көзқарастар елдің құлдырауына әкеп соқтыратыны анық.

Ұлттың ұйытқысы болуға арналған «Мәңгілік Ел» идеясының басты мақсаты егеменді елдің шаңырағын биік ұстау, оның береке-бірлігін арттыру, сондай-ақ полиэтносты әрі көпконфессиялы қоғамның ынтымағын қамтамасыз ету болып табылады. Қазақ ежелден келісім мен мәмілегерлікті қастер тұтып, халықтың ынтымағын сақтаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлген халық. Қазақтың «ынтымақ – бұзылмайтын қорған» немесе «саусақ бірікпей, ине ілінбейді» деген секілді мақалдарының мәнінде Асан қайғының «Жер ұйығы» мен әл-Фарабидің «Ізгі қаласын» құру, қалыптастыру идеялары жатқанын көруге болады.

Көреген саясатында алысты көздейтін Елбасымыз ұлттық мүдденің негізінде де бірінші болып халықтың бірлігін алдыңғы орынға қойды. Егеменді дамудың 25 жылында барлық қазақстандықтарды біріктіріп, елдіктің іргетасын қалаған басты жеті құндылықтардың қатарына Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісімді» атап көрсетті.

Елбасының елдік пен бірлікке қатысты айтқан сөздері еліміздің ортақ ұлы болашағын құруға, жынысы мен ұлттық немесе діни ерекшеліктеріне қарамастан әрбір азаматтың бойында ортақ Отанның тағдыры үшін жауапкершілік пен патриоттық сезімдерін оятуға, еркін азаматтық қоғам құруға бағытталады. Қазіргі таңда Елбасының Қазақстанның дамуына қатысты өшпес идеялары осы ұлы мақсаттарды іске асыру үшін бағыт-бағдар ретінде аса өзекті болып отыр.  

Мемлекеттің тұтастығы мен елдің бірлігін сақтау – бейбітшіліктің, соғыссыз тыныш өмірдің кепілі. Бұл – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының негізгі іргетасы. Тәуелсіздікке қолжеткізген кезден бері Қазақстан халқы осы бейбітсүйгіш қасиетін әлем жұртшылығының назарына паш ете білді. Оған еліміздің БҰҰ мүшелігіне кіруі немесе өзге мемлекеттермен өзара ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарттарды жасасуы ғана емес, Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндердің арасындағы үнқатысу алаңына айналуы жарқын мысал бола алады. Бүгінде Қазақстанды жаһанға жайлы жағынан танытатын бастамаларының ауқымы мен маңызы жылдан жылға артып келеді.   

Қазақ елінің бейбітсүйгіш қасиеттерін жаһанға паш еткен бастамалардың бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Елбасының Астана төрінде буддизм, иудаизм, христиандық және ислам секілді басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының басын қосып, олардың арасында өзара сенім мен мәмілегерлікке негізделген қатынастарды орната білуі еліміздің мерейін асқақтата түсті. Бастамасы 2003 жылдан бері жүйелі жолға қойылып, жоғары деңгейде өткізіліп тұратын бұл іс-шаралар өркениетаралық конструктивті үнқатысу мұқым адамзат тағдыры үшін маңызы зор екендігін айқын көрсетіп отыр. 

Бас қаланың Бейбітшілік және келісім сарайында әр үш жыл сайын ұйымдастырылып келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері бүгінде дінбасыларының басын қосатын үнқатысу алаңына ғана емес, өзектілігі күн тәртібінен түспеген көкейкесті күрделі мәселелерді бірлесіп қарастыру, әрі олардың оңтайлы шешімін табу шарасына айналған. Жаһандық маңызы бар мұндай жиындар адамзат тағдырына қатысты сан-алуан салалар бойынша ортақ шешімдерді қабылдауға, мемлекетаралық және дінаралық достық қатынастарын орнатуға, сондай-ақ жалпыәлемдік бейбітшілікті кең көлемде насихаттауға жол беруде.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын көтеру бастамасы еліміздің қазіргі таңдағы басты қажеттіліктері – қазақтың ұлттық мүдделері мен мемлекет тұтастығын сақтау, елдің ішкі дамуына және оның болашағының жарқын болуына серпін беру мақсатында дер кезінде қабылданған өзекті шара. Өзара келісім мен ынтымақты мақсат тұтқан халық қана егемендігін сақтап, бабалардың ежелден аңсаған «Мәңгілік елін» құра алады.

М.Ж.Муслимов,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы жетекші ғылыми қызметкері