08 мау, 2022 сағат 19:43

Мәнерлеп сырғанаудан ересектер сайысына қатысу жасы 17-ге дейін көтерілмек


Халықаралық конькимен сырғанаушылар конгресі (ISU) мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы жарысқа қатысу жасын 17-ге дейін көтеру мәселесін дауысқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News сайтына сілтеме жасап.

Жас шамасы межесі біртіндеп көтерілмек. Атап айтқанда, 2023/24 маусымында спортшылардың жасы қазіргі 15-тен 16-ға көтерілсе, 2024/25 маусымында ересектер арасындағы сайысқа 17 жастан бастап қана қатысуға рұқсат етіледі. 

Демек, 2026 жылы Италияда өтетін келесі Олимпиадаға 17 жасқа толған мәнерлеп сырғанаушылар жіберіледі. 

ISU өкілдерінің айтуынша, бұл шешім жас спортшыларды қорғауға ықпал етеді. Олардың физикалық және психикалық саулығы басты назарда болуы керек. 

Айта кетсек, спортшылар жасын көтеру мәселесі көп жылдардан бері қозғалып келеді. Конгрестің мәселені дауысқа салуына биыл Пекиндегі Олимпиадада Ресейдің 15 жасар спортшысы Камила Валиеваға қатысты туындаған допинг дауы түрткі болып отыр. 

Конгрес отырысы Таиландта өтті. Дауыс берген 100 делегаттың 16-сы қарсы болған.