09 қаң, 2020 сағат 10:32

МӘМС: Қазақстандықтар 246,9 млрд теңге жарна аударды

2019 жылдың 1-31 желтоқсаны аралығында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 12,6 млрд теңге түсті. Бұл туралы қордың Жұртшылықпен байланыс департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ал жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 желтоқсаны аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) түскен аударымдар мен жарналардың жалпы сомасы 246,9 млрд теңгені құрады. Оның 237,7 млрд теңгесі (96,3%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 9,2 млрд теңге (3,7% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі», - делінген ақпаратта.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Атап өтілгендей, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады.

«Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінен.