Фото: baq.kz
Бірде қызық оқиғаға тап болдық. Оттасымызбен тұрақты мекен-жайымызға қарасты емханаға тіркелгенбіз. Кішкентайымыз да, өзім де үнемі ем қабылдап тұрамын. Жолдасым күні бойы жұмыста болғандықтан, көбіне кешкі уақытта ақылы емханада емделеді. Бір күні ауырып, жұмысқа бармады да, тіркелген емханаға барсақ, «сізден МӘМС төленбейді екен, тегін қызмет көрсетілмейді» деді. Расында, жолдасым жеке жұмыс істейтіндіктен, оған ешқандай әлеуметтік төлемдер аударылмайды. Осыдан кейін МӘМС-ті кімдер төлеу керек, оған құйылған қаражат қайда кетіп жатыр, МӘМС-тің қаржысын кімдеп пайдалана алады деген сауалдар қызықтырды. Осыдан кейін Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджанға қойдық, – деп жазады Ult.kz тілшісі.
Жүйе нені өзгертті?
Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Тұңғышқанұлының айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды іске қосылғанына биыл алтыншы жыл. Осы уақыт ішінде оның тиімділігі дәлелденді деуге болады екен.
Фото: Ілияс Мұхамеджанның мұрағатынан
«МӘМС-тің арқасында халыққа миллиардтаған сомаға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Біреу дәрігерге мүлде қаралмауы мүмкін, ал біреуге 4-5 млн теңгенің операциясы қажет болуы мүмкін. Бірақ сіз дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз, төлеген ақша жойылып кетпейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан басқа отандастарымызды емдеуге жұмсалып жатыр деген сөз. Мысалы, биыл еліміздің денсаулық сақтау саласына 2,9 трлн теңге қарастырылған. Оның 1,3 трлн теңгеден астамы МӘМС қаражаты, қалған 1,6 трлн теңгесі мемлекет қаржысы. Бұл ЖІӨ-нің 4 пайызына да жетпейді. Басқаны айтпағанда, бізбен қоңсылас отырған Өзбекстанның өзі денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 6 пайызын беріп отыр. Ал медицина саласының шығыны күн санап артып келеді. 2018-2025 жылдар аралығында халық саны 7 пайызға, ауру көрсеткіші 9 пайызға, стационарда емдеу құны орта есеппен 1,6 есе, дәрі-дәрмек құны 30 пайызға артқан. Оған медицина қызметкерлерінің жалақысын қосыңыз, соңғы 5-6 жылда дәрігерлер жалақысы 2,3 есе, орта буын қызметкерлерінің айлығы 1,7 есе өскен. Сондықтан сақтандыруды денсаулық саласына қосылған қосымша қаржы деп қарастырған дұрыс. Ол ұлт саулығын жақсартуға бағытталған. Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрі, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс», – дейді Ілияс Мұхамеджан.
Былтыр сақтандырылған алматылықтар МӘМС жүйесі арқылы жалпы құны 155,7 млрд теңге болатын медициналық көмек түрлерін пайдаланған. Шығынның басым бөлігі, яғни 86,6 млрд теңгесі стационарлық медициналық көмекке, 6 млрд теңге – күндізгі стационарлар арқылы көрсетілген қызметтерге төленген.
«Күн сайын МӘМС есебінен бірнеше миллиондық жоғары технологиялы операция жасалып жатыр. 2024 жылы осындай 138 мыңнан астам ота жасалған, оған 87,6 млрд теңге жұмсалды. МӘМС енгізілгелі бері халық медициналық оңалту қызметін көптеп пайдалана бастады. Былтыр оған 9 млрд теңге төленген (2019 жылы – 600 млн тенге). Мысалы, 2024 жылы Алматы қаласында жалпы құны 18,6 млрд теңгелік 6 805 кардиохирургиялық ота, 8,0 млрд теңгеге 4 521 нейрохирургиялық ота жасалған. Тағы 1,8 млрд теңгеге лор операциялар жасалса, 2,1 млрд теңгеге 277 электромагнитті есту аппараты орнатылған. Алматылық стационарлар 107 бауыр-бүйрек алмастыру операциясын жасаған, оталардың жалпы құны 710 млн теңгеге жуықтайды. Мұндай бір отаның құны 7–9 млн теңге тұратынын да айта кеткен жөн. Жүкті әйел мен балаға және әлеуметтік осал топ өкіліне 3 млрд теңгенің стоматологиялық қызметі көрсетілген. Осы қызметтердің бәрі де МӘМС есебінен көрсетіліп жатыр», – Ілияс Тұңғышқанұлы.
Фото: Хабар24
Адам өзін өзі сақтандыра алады
Бұрын сақтандыру статусын алу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет еді. Қазір өзін-өзі сақтандырғысы келетін, ресми жұмыс істемейтін азамат бұрынғы берешекті өтемей, алдағы 12 айға жарна төлеп, бір жылға сақтандыру статусын ала алады.
«Мәселен, осы айда медкөмекке жүгінетін пациент 2025 жылдың наурызынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі аралық үшін жарна аудара алады. Биылғы ай сайынғы жарна мөлшері 4 250 теңге. Яғни бір жылға 51 мың теңге төлеу арқылы қажетті медқызметке қол жеткізуге мүмкіндік алады. Қазақстанда жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлерін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыруға міндеттелген. Одан кейінгі санат – жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, нотариустар мен адвокаттар, шаруа қожалықтарының иелері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші биыл қызметкер табысының 3%-ы көлемінде аударым жасайды (2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%). Сонымен қатар жұмыс беруші жалдамалы жұмыскер жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударады. Ал жеке кәсіпкерлер 1,4 ең төменгі жалақының 5 пайызын төлейді. Бұл сома биыл 5 950 теңге», – дейді спикер.
Қазақстан сақтандырудың жинақтау жүйесін емес, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген моделін таңдап алды. Себебі төленетін жарналардың мөлшері көп емес. Сондықтан бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызмет ақысын төлеуге де жетпейді екен.
«Қарапайым мысал, ай сайын 4 250 теңге төлеп сақтандырылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бір жылда 51 000 теңге төлейді. Егер біз әр адамды өз қаражатына ғана емдейтін болсақ, оның жинаған ақшасы ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 220 мың теңге, асқынусыз қалыпты босану 155 мың болса, аортокоронарлық шунттау 3-4 млн теңге тұрады. Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады. Жүйенің әсіресе қарапайым халық үшін тиімділігі осында», – дейді Ілияс Мұхамеджан.
Көбіне халық емханаға барғанда талон күту, базаның істемей қалуы секілді мәселелер туындайтынын айтып шағымданып жатады. Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, мұндай шағымдар медициналық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі. Медициналық сақтандыру қоры халықпен кері байланысқа ерекше мән береді. Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы Saqtandyry-бот, fms.kz сайты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы МӘМС туралы ақпарат алып қана қоймай, арыз-шағым қалдыруға да болады.
Ақбота Мұсабекқызы